• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 02 Маусым, 2017

Иранның жаңа сайлаудан кейінгі саясаты қай бағытта өрбуі мүмкін?

296 рет
көрсетілді

2017 жылдың 19 мамырында Иранда президенттік сайлау өткені белгілі. Иран Ішкі істер министрі Абдолреза Рахмани Фазли «Сайлау бюросының» қорытынды мәлімдемесіне сәйкес, дауыс беруге тіркелген сайлаушылардың 73,07%-ының (41,220,131 адам) қатысқандығын және Хасан Руханидың 57,13% (23,549, 616 адам) дауыс жинап, екінші рет пре­зидент болып сайланғанын жеткізді.  

 Иранның саяси жүйесінің өзіндік құры­лымы бар. Конституцияда көрсе­тіл­гендей, елдің ең жоғары басшысы «Ве­лаят-е Факих» тұжырымдамасына сәй­кес, «Жоғарғы діни жетекші» (Рахбар) болып табылады (57-бап). Рахбардың заң шығарушы, атқарушы және сот билігі органдарына абсолютті билігі бар және ол қажет болған жағдайда пре­зидентті қызметінен босата алады. Соны­мен қатар, Рахбарға қарулы күштер мен қау­іпсіздік күштерін жөнелту жә­не басқару, сон­дай-ақ ішкі және сырт­қы саяси басым­дықтарды анықтау өкілет­тіктері берілген (110-бап).  Иранда Рахбар 86 мұсылман дінба­сы­ларынан құралған «Сарапшылар кеңе­сі» тарапынан сайланады және өз міндетін өмірінің соңына дейін атқарады. Алайда, Рахбар құқықтық міндеттерін орындай алмай қалған жағдайда, пәтуа беруге қажетті қабілет, әділ, тақуа, шы­найы саяси-әлеуметтік көзқарастар мен бас­қарушылық дағдылар сияқты ел конс­титуциясының 109-бабында көр­сетіл­ген шарттарды жоғалтқан жағ­дай­да неме­се осы талаптардың біреуінен айырыл­ғаны әшкереленген жағдайда қыз­метінен босатылады. Бұл шешімді тек «Сарапшылар кеңесі» шығаруға құқылы.  Конституцияға сәйкес, президент атқарушы биліктің басшысы және Рах­бар­дан кейінгі мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады. Президент конституцияны жүзеге асыруға, тікелей Рахбардың лауазымдық міндеттеріне жатпайтын мәселелер бойынша атқарушы органға төрағалық етуге міндетті болып табылады (113-бап). Президент халықтың тікелей дауысымен төрт жыл мерзімге сайланады және қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды (114-бап). Конституцияға сәй­кес, президенттіктен үміткер мына талаптарға сәйкес болуы тиіс: а) елдің аза­маты болуы; ә) ирандық болуы; б) бас­қару қабілетіне ие болуы; в) сенімді, та­қуалы және үлгілі өмір сүрген болуы; г) республиканың iргелi қағидаттарына жә­не ресми мазхабқа (шиизмге) сенуі (115-бап).  Иран конституциясында прези­дент­тіктен үміткердің жасына және біліміне қатысты шарттар жоқ. Осы себепті, Иранда президенттіктен жоғарыда атал­ған талаптарға сәйкес келетін кез келген адам үміткер бола алады. Президенттік сайлау туралы заңның 37-бабына сәйкес, президенттіктен үміткер болып табылатын адам үміткер болуға өтініш білдірер алдында, сол уақытта атқарып жатқан қызметінен босауы тиіс. Президент заңдарды іске асырумен қатар, жоспарлау, бюджет, басқару және жұмыспен қамту мәселелеріне тікелей жауапты болады. Бірақ бұл мәселелерді басқара отырып орындауды басқа да мемлекеттік қызметкерлерге тапсыруы мүмкін (126-бап). Сайланғаннан кейін Рахбардан өз мандатын алған президент қызметінен босату туралы ұсынысын тек Рахбарға білдіре алады және Рахбар бұл ұсынысты қабылдағанша президент өз міндеттерін атқаруға міндетті болады (110 және 130-баптар).  Иранның саяси жүйесінде прези­дент­тік сайлауға ықпал ететін тағы бір қуат­ты конституциялық институт – 12 мүше­ден тұратын «Конституцияны қорғау­шылар кеңесі» бар. Кеңестің мін­деті мен өкілеттігі – парламенттік, пре­зи­денттік, «Сарапшылар кеңесі» мен референдум сайлауларын және бұл сайлауларда үміткер болғандардың конституцияда белгіленген шарттарға сәйкестігін бақылау (99-бап). Кеңестің тағы бір басты міндеті, конституцияның баптарына түсініктеме беру және парламентте қабылданған заңдардың Ислам мен құқыққа сәйкестігін бақылау болып табылады (72-бап). Конституцияны қорғаушылар кеңесіне 6 заңгер мүшені бекіту және парламент мүшелеріне мандаттарды беру сияқты қызметтерді қоспағанда, «Конституцияны қор­ғау­шылар кеңесінсіз» парламенттің (Ислам консультативтік кеңесі мәжілісінің) ешқандай заңдылығы жоқ болып саналады (93-бап).   Ирандағы президенттік сайлауда барлығы 1636 азамат үміткер болды. Алайда, «Конституцияны қорғаушылар кеңесі» үміткерлерді Иран конституция­сы мен мемлекеттің дініне әрі режімге сәй­кестігі тұрғысынан бағалап, 2017 жыл­дың 20 сәуірінде Ішкі істер министрлігі арқылы президенттік сайлауға тек 6 адамның үміткер бола алатындығын жария­лады. Атап айтқанда, Хасан Рухани (Байсалдылық және даму партиясы), Исхак Жахангири (Құрылыс бас­шылары партиясы), Мұстафа Хаше­митаба (Құрылыс басшылары партия­сы), Мұхаммед Багер Галибаф (Прог­ресс және әділет үшін халық партия­сы), Ибраһим Раиси (Жауынгерлік дінба­сы­лар қауымдастығы), Мұстафа Мир­салим (Ислам коалициясы партиясы). Мұ­хаммед Багер Галибаф Ибраһим Раиси­дің пайдасына, ал Исхак Жахангири Ха­сан Руханидың пайдасына сайлаудан шық­қандарын жариялады. Сайлауда басқа үміткерлердің жинаған дауыстары келе­сідей болды: Ибраһим Раиси 38,5% (15,786,449); Мұстафа Мирсалим 1,16% (478,215); Мұстафа Хашемитаба 0,52% (215,450). Сондай-ақ, 1,190,401 дауыс жарам­сыз деп табылды.  Иран мемлекеті үшін сындарлы бір кезең­де қайта сайланған Руханидың екін­ші мерзімде жүзеге асыратын стра­те­г­иялық басымдықтарын 3 негізгі тақы­рып­қа бөліп қарастыруға болады:   1) Экономика: Мәлім болғандай, 2015 жылы 14 шілдеде ядролық мәмілеге қол қойылғаннан кейін санкциялар мен эмбарголардың біртіндеп алына бастауы белгілі бір дәрежеде Иран экономикасына оң әсер етті. Елдегі инфляция деңгейі 45%-дан 8,7%-ға дейін төмендеді. 2016 жылы ІЖӨ 2015 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға өсіп, 412,3 млрд долларға жетті. Елде мұнай барлау жұмыстарымен қатар, мұнай өндірісі де артты. Алайда, халықаралық оқшаулаудың бәсеңдеуі мен санкциялардың жұмсаруы елде жұ­мыс орындарын (әсіресе, жастар арасын­да) арттыру бағдарламаларының дамуы мен жеке сектор мен шетелдік инвес­тициялардың артуына әкеле алған жоқ. Осы себепті, Рухани екінші мерзімінде экономика мәселесіне басымдық беруді, ел экономикасына көбірек инвестиция тарту мен жаңа бизнес бағыттарын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жүзеге асыруды жоспарлап отыр.  2) Әлеуметтік-мәдени салалар: Ру­хани бұл салада адам құқықтары мен бос­тан­дықтарының дамуына, түрлі этнос­тық және діни азшылықтардың әлеу­меттік және саяси өмірге кеңінен қа­ты­суына, мәдени саладағы кейбір шек­­теулерді алып тастауға, әйелдердің құ­қық­тарына негізделген мәселелерді ше­шу­ге міндеттенді;  3) Сыртқы саясат және қауіпсіздік: Сайлауалды бағдарламада сыртқы саясат саласында байсалдылық және саналылық қағидаларын ұстана отырып, бүкіл елмен, әсіресе, Ислам елдерімен ортақ мүдделер негізінде өзара құрметке негізделген сая­сат сақталады деп көрсетілген болатын. Ядролық бағдарламаға байланыс­ты «Жан-жақты бірлескен іс-қимыл жос­парын» ұстана отырып, Иранның өз мін­деттемелерін орындайтынын, бірақ қар­сылас тараптың да өз міндеттемелерін орын­дауы қажеттігіне баса назар ауда­рыл­ды. Және «Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі» жобасына ерекше көңіл бөлетінін айтты.  Алайда, конституцияға сәйкес, ел қауіпсіздігі мен сыртқы саясатқа іргелі өзгерістер енгізу міндеті президенттің емес, Рахбардың (Жоғарғы діни жетек­шінің) құзыретінде болып табылады. Соңғы уақытта ел ішіндегі консерваторлар Рахбардың сыртқы саясатқа қатысты ұстанымына бірқатар сыни пікірлер айтуда. Осы орайда, Рахбардың ескертулеріне қарамастан, Махмұд Ахмадинежадтың президенттіктен қайтадан үміткерлігін жариялауы елдің саяси жүйесіне ықпал етуші топтардың (реформашылар мен консерваторлар) сыртқы саясатқа деген пікірлерінің біркелкі еместігін көрсетіп берді. Осылайша, елдегі консервативтік саяси топ АҚШ президенті Дональд Трамптың «Жаңа Таяу Шығыс» саясатына төтеп бере алатын әрі Батыспен ымыраға бара бермейтін Рахбарға мұқтаж екендіктерін сездіргісі келген секілді. Осыны ескере отырып, Рахбар алдағы уақытта реформашылар мен консерваторлар арасындағы саяси тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және соңғыларды өзіне қарсы қоймай, олардың сыни пікірлерін ескеріп әрі мемлекеттік діннің негізгі қағидаттарына негізделген сыртқы саясатқа басымдық беруі әбден ықтимал.  Осы орайда, Иран таяу шетелдердегі геосаяси мүдделеріне қарсы бағытталған және Дональд Трамптың Сауд Арабия­сына жасаған ресми сапары кезінде осы елдің басшыларымен қол қойған екіжақ­ты әскери альянс келісімдеріне қарсы Ре­сеймен (бәлкім, алдағы уақытта ҰҚШҰ-мен) әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайтуы мүмкін және «Шиит жар­ты айы» географиялық аумағында бел­сенді сыртқы саясатқа басымдық беруі ықтимал. Осындай жағдайда Иран­ның Сирия, Ливан, Ирак және Йемен шең­берінде Сауд Арабиясымен ықпал етуге негізделген бәсекелестігі күшейе түсуі әбден мүмкін деп топшылауға негіз бар.

Айдарбек Әмірбек,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

 Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары